Алматы, 2025 жылғы 8 қыркүйек
Space Days Kazakhstan 2025 халықаралық форумының іскерлік бағдарламасы аясында "Ғарыштық техника және технологиялар институты" ЖШС "Ғарыш саласына инвестициялар тарту" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық және Ұлттық қаржы институттарының өкілдері, инвесторлар, ғылыми орталықтар мен бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар ғарыш және жоғары технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландырудың негізгі тетіктерін, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы Жолдауында белгіленген мәселелерге, атап айтқанда — жаңа инвестициялық құралдарды дамытуға, цифрландыруға, озық технологияларды енгізу үшін жағдайлар жасауға және "Инвестицияларға тапсырысты" қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Талқылау барысында спикерлер Қазақстанның ғарыш саласы жоғары технологиялық инвестицияларды тартудың драйверлерінің бірі болуға тиіс екенін атап өтті. Ғарыштық технологияларды көлік-логистикалық жүйеге, агроөнеркәсіптік кешенге, экологиялық мониторингке және ұлттық цифрлық трансформацияға интеграциялау мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ғарыш секторында қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, мемлекеттің, жеке бизнестің және халықаралық әріптестердің өзара іс-қимылын нығайту жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Space Days Kazakhstan 2025 елдің инновацияға, цифрландыруға және орнықты дамуға стратегиялық бағытын растайтын алаңға айналды.